CNN телеарнасы мен New York Times басылымы Америка барлауындағы дереккөздерге сілтеп, АҚШ-тың Иранға жасаған соққысы Тегеранның ядролық бағдарламасының негізгі компоненттерін жоя алмады деп жазды.
Дереккөздің бірі АҚШ-тың соққысы Иранның ядролық бағдарламасын тек бірнеше айға кері "лақтырып тастады", қайта қалпына келтіруге болады деген. Енді бірі Иранның өндірілген уран қоры да құртылмады дейді. Бұған дейін Иран шабуыл алдында зауыттардан урандарын алып кетуі мүмкін деп те айтылған еді.
"Алғашқы қорытындылар президент Дональд Трамптың Иранның ядорлық энергиясы қайта қалпына келмейтіндей толығымен жойылды» деген мәлімдемелеріне қарама-қайшы" деп жазылған CNN мақаласында.
Осыдан соң АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде екі медианың жазғанын "жалған ақпарат" деді.
"Жалған жаңалық жазатын CNN жолы болмайтын The New York Times-пен бірігіп, тарихтағы ең сәтті әскери соққының бірін жоққа шығаруға тырысты. Иранның ядролық нысандары толық жойылды! Қоғам CNN мен The Times-ды сынап жатыр" деп жазды ол.
Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф барлау деректерін шығып кеткенін "сатқындық" деп атады.
22 маусымда АҚШ Иранның Фордо, Натанз және Исфахан ядролық нысандарына соққы жасаған еді. Трамп бұл соққыдан соң Иранның ядролық бағдарламасы жойылды деген.
"АҚШ-тың соққысы Иранның ядролық бағдарламасын жоя алмады" - CNN мен NYT
Иранның Фордо ядролық зауыты. 22 маусым 2025 жыл.