Иранның рухани көсемі Израиль мен АҚШ-ты жеңдік дейді

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің видеомәлімдемесінен. 26 маусым 2025 жыл.

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи видеомәлімдеме жасап, "Иран халқын жеңісімен құттықтады". Оның сөзін елдегі IRNA агенттігі таратты.

"Иран халқын құттықтаймын. Сионистік режим қираудың алдында қалды және Ианның соққыларынан қатты зардап шекті" дейді ол.

Али Хаменеи АҚШ-ты да жеңдік деп отыр.

"Америка режимі де тікелей соғысқа араласты, себебі олар араласпаса сионистік режим толық жойылатынын сезді. Мұнда да ислам республикасы жеңді және Американы шапалақпен бір тартты" деді Иранның рухани көсемі.

Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.

22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран мен Израиль атысты тоқтатуға келісті, Трамп бітім шартын бұзбауды сұрады