Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 25 маусым күнгі брифинг кезінде киіктердің санын реттеу аясында қаншасынан “арылу қажеттігі” анықталғанын айтты.
“Ғылым киіктердің жалпы популяциясының 20%-нан арылуды ұсынады. Қазір көктемгі есеп бойынша олардың саны 3,9 млн болды: 2,3 млн – Оралды, 1,6 млн – Бетпақбаланы, 78 мыңы Үстіртті мекендейді. Яғни, біз шамамен 800 мың бастан арылуымыз керек. Онда [Жойылатын киіктердің] жыныс пен жасы қандай болуы керек екендігі де анықталған: 40% – еркек, 40 % – ұрғашы, 20% – киік төлі” деді Нысанбаев брифинг кезінде.
Ол сонымен бірге киіктің етін өңдеуге арналған жеке ет комбинаты салынуы мүмкін екенін де айтты. Айтуынша, алты компания оған қызығушылық білдіріп отыр.
Қазақстанда үкіметтің киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар бұған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатқанын" айтқан.
Билік киік атуға рұқсат берердің алдында ақбөкенді "Қызыл кітаптан" алып тастаған. Бұл шешімнің алдында Қазақстан жергілікті және халықаралық ұйымдармен браконьерлікпен күресті күшейтіп, қорғалатын жерлердің аумағын кеңейткен еді.