Ресей әскері қатарында соғысқан өзбек азаматына үкім оқылды

Өзбекстан соты Ресей әскері қатарында Украинадағы соғысқа қатысқан азаматты үш жыл бір айға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде Ізбасқан аудандық сотының шешіміне сүйенген Repost басылымы жазды.

Оны "әскери жалдамалы қызметкер болу", "әскери қызметке тарту" және "шекараны заңсыз кесіп өту" баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Тергеу мәліметінше, ер адам 2019 жылы Ресейдің Саратов қаласына нәпақа табуға барған. 2024 жылы маусымда Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, әскери дайындықтан өткен. Ал шілде-тамыз айларында Украинаның Луганск облысы мен Волчанск қалаларындағы әскери қимылдарға қатысып, жарақаттанған. Ауруханада емделгеннен кейін ол шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстанға оралған.

Сот кезінде айыпталушы тағылған айыптарды мойындаған. Ол Өзбекстан азаматтығынан бас тартып, Ресей төлқұжатын алғанын айтқан.

Бұған дейін украиналық "Хочу жить" қоры Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 1110 өзбек азаматының аты-жөнін анықтаған еді. Жоба өкілдері кемінде 109 өзбек азаматының майданда қаза болғанын хабарлаған. Қаза болғандардың ең жасы – 21-де, ең үлкені – 62-де. Өзбек азаматтарының бірі келісімшарт жасасқаннан кейін сегізінші күні қаза болған.