Ресейде Украина әскері қатарында соғыспақ болған 19 жастағы қазақстандыққа үкім оқылды

Тұран Устюгов

25 маусымда Ресейдің Оңтүстік аймақтық әскери соты 19 жастағы Қазақстан азаматы Тұран Устюговты "террористік деп танылған ұйымның қызметіне араласты" және "террористік мақсатта дайындықтан өткені" үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Устюговқа Украина әскері жағында соғыспақ болды деген айып тағылған. Үкім жөнінде "Азаттық Азия" сайтына Тұран Устюговтың анасы Эльмира Жанабаева хабарлады.

Айыптау жағы Алматы тұрғынына екі есе көп жаза – 25 жыл түрме сұраған.

Тұран Устюгов былтыр қазаннан бері Ресейде қамауда отыр. Ол Мәскеу аннексиялап алған Қырымда ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол Киев жағында соғысып жатқан Ресейде террористік ұйым деп танылған "Ресей еріктілер корпусы", "Ресей еркіндігі" легионы немесе Азов бригадасына қосылу үшін Украина билігінің бақылауындағы аумаққа бармақ болған.

2025 жылдың ақпанында Қазақстан азаматы Симферопольден Оңтүстік аймақтық әскери соты орналасқан Ростов қаласына ауыстырылған. Сот наурыз айында басталып, 25 маусымда аяқталды.

Тұран Устюгов 2024 жылдың қыркүйек айының аяғында Алматыдан кеткен. Ол онда анасы және бауырларымен бірге тұрған. Анасының сөзінше, Устюгов Украина жағында соғысуға мүмкіндік іздеп, Украинаның қорғауға зәру екенін айтқан.

Анасының сөзінше, ол ұлын айнытуға тырысқан және елден кетуге жол бермеуге күш салған. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған дейін "Азаттық Азияға" Устюговқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу» бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Бұған дейін Қазақстанда Украинада Ресей әскері қатарында соғысқан бірнеше адам осы баппен сотталған еді.

Элмира Жаңабаеваның сөзінше, қазақстандық дипломаттар мен мемлекеттік органдар ұлын қорғау үшін қандай да бір көмек көрсетпеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі дипломаттар Устюговпен де, оның анасымен де байланыста екенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұлар мені өлтірмекші". Украинаны қорғамақ болған қазақ жігіт Ресей абақтысынан бір-ақ шықты