Accessibility links

Әнші мен басшы арасындағы дау харассмент мәселесін тағы да қозғады


Танымал әнші Наркенже Серікбаева өзі жұмыс істейтін Түркістан филармониясының бастығын "маған анайы ұсыныс айтып, қысым көрсетті" деп кінәлады. Ғалымжан Ерназаров мұны жоққа шығарды. Кейінірек екеуі бір-бірімен татуласқаны жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл дау қоғамда харассмент тақырыбына қызу пікірталасқа түрткі болды.

Әнші мен басшының бір-бірін айыптауы мен татуласуы

– Жалғыз мен емес, жалпы қазақтың қыздарының бәрі сондай басшылардың қоластынада кетіп бара жатыр. Басшылардың қолжаулығы болып кетіп бара жатыр.

23 маусым күні кешке желіде тараған видеода жанары жасаурап, дауысы дірілдеп сөйлеп отырған бұл әйел – танымал әнші Наркенже Серікбаева. Ол өзі жұмыс істейтін Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының басшысы Ғалым Ерназаровты "маған жұмыс орнында жөнсіз қысым көрсетті, анайы ұсыныс айтты" деп айыптады.

– Көп қысымды көріп келе жатырмын. Сол қысымның ішінде біздің басшымыз, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониямыздың басшысы Ғалымжан мырзаның да қаншама қысым көрсетіп, маған "концертке қатыспайсың, сенің киімің жоқ" деп, және де маған махаббат жайында әңгіме айтып, ұят та болса айтайын, "менің алдыма келіп отыр, сені иіскеуім керек" деген әңгімелердің бәрінен өтіп келе жатырмын. Мен сонымен махаббат құрмағаным үшін және де шындықты, филармонияда не бар, не жоқ – барлығын айтқаным үшін мен көріп келе жатқан қысым бүгін шегіне жетті. Ақыр соңында мені сахнадан шеттетті. "Болды, қатыспайсың, өйткені мен бұл жерде басшымын, өзім білем, сенің киімің жоқ, болды, қатыспайсың" деп, барша жұмысшылардың көзінше айқайлап" менің, ар-намысыма тиді, – деді видеода Наркенже Серікбаева.

Әнші жанайқайын билік өкілдеріне желі арқылы жеткізу үшін Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің, Түркістан облыстық прокуратурасының, Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің аккаунттарын белгілеген.

Көбіне қазақтың дәстүрлі әндерін шырқап жүрген Наркенже Серікбаева сахна мен той төрінде жиі көрінеді. Әлеуметтік желіде әншінің шалғай ауыл-аймақтар мен көрші елдерде өнер көрсетіп, жұрт ықыласына бөленіп жатқан сәтінен түсірілген виде көп. Ал енді оның әкімдікке қарасты мекемедегі заңсыздық туралы президентке, мәдениет министрі мен облыс әкіміне жасаған тосын үндеуін бір күнге жетер-жетпес уақытта жүздеген мың адам көрді. Оның мәлімдемесіне байланысты желіде қызу пікірталас өрбіді.

Әнші Наркенже Серікбаеваның үндеуі тарағаннан кейін көп өтпей Түркістан облыстық филармониясының директоры Ғалымжан Ерназаров бұл жайтқа байланысты желі арқылы жауап қатты. Ол қарамағында жұмыс істейтін әншінің сөзін жала деп, сотқа шағым түсіргенін айтты.

– Мен отбасылы, анам бар азаматпын. Маған, менің отбасыма қатты күйе жағып жатыр. Бұл заң мені де қорғайды деген ойым бар. Заң аясында сотқа шағымдандым, соттың шешімін күтейік. Одан кейін барлығын әлеуметтік желіге салатын боламыз. "Мені жұмыстан қудалап жатыр" дегені шындыққа жанаспайтын дүние, себебі, өздеріңіз әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп жатырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлдем жұмысқа келмейді. Біздің кемшілігіміз сол, "жұмыста болмады" деп жұмыстан шығарып жіберуіміз керек еді, бірақ біз жанашырлық танытқан жағдайымыз бар, – деді Ғалымжан Ерназаров.

Әйткенмен басшы мен әнші арасындағы дау көпке созылған жоқ. 24 маусым күні түс мезгілінде Ғалымжан Ерназаров пен Наркенже Серікбаева екеуінің татуласқаны жайлы видео жарияланды. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасынан осы дау-дамай жайлы жариялаған үндеуін алып тастады. Желіде тараған видеода Наркенже бастығы екеуін облыстық мәдениет басқармасы мен әкімдіктен құрылған арнайы комиссия татуластырғаны көрсетілген.

– Әкімшіліктен комиссия құрылып, біз, Ғалымжан мырза екеуіміз бір бірімізді түсіністік, бір бірімізден кешірім сұрастық. Осыншама қолдау білдіріп жатқандарыңызға Алла разы болсын, – деді татуласу видеосында Наркенже Серікбаева.

Осы видеода Түркістан облыстық филармониясының директоры көпшілікке қарата айтқан сөзінде қоғамда қызу пікірталас туғызған жайтқа байланысты кешірім сұраған.

– Кешелі бері резонанс тудырған мәселе үшін кешірім сұраймыз. Әрбір үйдің мәселесі үйдің ішінде қалғаны дұрыс еді, негізі. Бірақ бүкіл елге тарап кеткеннен кейін облыстық мәдениет басқармасынан және әкімшіліктен комиссия келді. Комиссия екі тарапты тыңдады. Талаптарымызды, өтініштерімізді қарады. Ешқандай бір бірімізге қоятын мәселе жоқ. Екі жақ та келістік. Ешқандай дау-дамай, оны ушықтырудың қажеті жоқ, – деді Ғалымжан Ерназаров.

Бұған дейін әншіні сотқа бергенін айтқан филармония басшысының шағымы сотта қарала ма, жоқ па – белгісіз, татуласу видеосында ол жөнінде ештеңе айтылмады. Сол сияқты, Наркенже Серікбаева харассмент жайлы шағыммен полицияға жүгінгені я жүгінбегені де белгісіз. Азаттық Наркенженің пікірін сұрауға талпынып көрді, алайда әншінің өкілі өтінішімізге жауап берген жоқ.

"Харассмент ұғымын тек еңбек заңына енгізбек". Сарапшы пікірі

Қазақстан қоғамында лауазымды адамның қарамағындағы қызметкерге харассмент жасағаны жайлы дау-дамайлар ара-тұра болып тұрады. Бірақ Қылмыстық кодексте "харассмент" деген түсінік жоқ болғандықтан, ондай қылмыс та "жоқ". Мұндайда әдетте "жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" деген бап қолданылады. Көбіне дауға себеп болған мәселе тараптардың мәмілеге келуіне байланысты "жабулы қазан" күйінде қалады дейді сарапшылар.

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы заңға харассмент түсінігін енгізіп, ондай іс-әрекет үшін жауапкершілік белгілеу мәселесін қарауды парламент әлі қолға алмағанын, сол себепті іс жүзінде харассмент үшін жауапқа тарту қиындық туғызатынын айтты.

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы
Заңгер Әйгерім Құсайынқызы

– Бұл мәселе Қазақстанда тек еңбек саласындағы, яғни екіжақты жасалған еңбек шарты бар жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қатынастағы харассмент мәселесін қарастырады делініп отыр. Қазір үкіметте жатқан құжат 2026 жылдың қаңтарында, оның өзінде Мәжілістегі жұмыс тобында қаралады деп белгіленген. Ал ол болашақта қашан заңға енгізіліп, күшіне енетінін болжау қиын.

– Мысалы, мәлімдеме жасалып, өтініш айтылды, ал одан кейін бұл іске құқық қорғау органдары тиісті тексеру жүргізбеген сыңайлы және татуласу жөнінде видео жарияланғаннан кейін енді болмайтын да сияқты. Дауға қатысы бар екі тарапты татуластыру қаншалықты жиі кездеседі?

– Өкінішке қарай, видеоны көрген кезде қатты көңілім түсті, себебі, ол видеодан аңғарылатыны – әлдебір зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеу, жәбірленушіні қорғап, құқық бұзушыны жазалауды емес, "жабық қазан жабулы күйде" қалуы керек еді деген, әйелдердің осындай жанайқайын өшіруге деген талпынысты ғана көрдім.

Комиссия мәдениет саласынан барған деді, бұл жерде ондай комиссия емес, денсаулыққа жеңіл я орташа зиян келтірілгенін анықтайтын құқық қорғау органдары, полиция баруы керек еді, егер біз адам құқығын қорғайтын құқықтық мемлекет стандарттарына сай мемлекет болсақ. Өкінішке қарай, әйелдер харассмент көрген кезде барар жер, басар тауы болмағандықтан, әділет іздейтін жалғыз инстанция – әлеуметтік желі болып қалды.

Өзін видеоға түсіріп, көпшілікке жариялап, қоғамдық резонанс тудырып, құқық органдарына үнім жетсе дейді, жалғыз және соңғы үміті – сол. Бірақ сол жалғыз, соңғы үнді, жанайқайды қарауға мәдениет органынан келген комиссияның жұмыс берушінің абыройын қорғау мақсатымен, жәбірленушіні емес, ол айыптаған тарапты судан құрғақ етіп шығару, ақтап алу әрекетін ғана көрдік.

Бұл жерде құқықтық мемлекет, заң мен құқық үстемдігін емес, үн шығарған әйелдердің үнін өшіру, оларға "сабақ беру", егер өзіңнен күшті тарапқа қарсы үн шығарсаң, түбі татуласуға барасың деген үлкен белгі. Бұл Түркістан облысының мәдениет саласындағы әйелдерге ғана емес, бүкіл қазақстандық әйелдерге, егер сен жұмыс берушіңді харассмент жасады деп жарияласаң, оның әділеттік болмайды, онда біз сені ерте ме, кеш пе, бәрібір татуластырамыз деген белгі.

Біз бұған төзбеуіміз керек, мұндай жайт жалпы зорлыққа мүлде төзбеу принципіне қайшы. Біз құқық қорғау органдары – полиция, тергеу орындарынан келіп, Қазақстан былтыр ғана Қылмыстық кодекске енгізіп, бүкіл әлемге жариялап, сол үшін талай мақтау естіген баппен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша жауапқа тартатын шығар деп күткен едік. Бірақ, өкінішке қарай істің тіпті сотқа дейін де емес, 24 сағатқа жетпей видео өшірілгенін және әдетте әйелдің ондай шешімге еркінен тыс келетінін көруге болады.

– Бұл істе харассмент болды ма, жоқ па, оған қатысты нақты бір түйін айта алмаймыз. Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратты ғана көрдік. Ал құқық қорғау органдары бұған баға берген жоқ. Ал енді тараптарды татуластырғаннан кейін бұл іс тергелмей қала бере ме, қалай ойлайсыз?

– Харрасмент болды ма, жоқ па дегенге келсек, гендерлік зерттеушілер мұндай кезде үнемі әйелдің сөзіне сенуіміз керек дейді. Яғни, тергеу органдары тексеру бастағанға дейін әйел осындай гендерлік зорлық-зомбылық болды деп жарияласа, біз бірінші соған сену арқылы ғана құқық бұзу фактісі барын мойындауымыз керек дейді олар.

Жаңа сіз тараптардың татуласып, достасып, бітімге келуі жиі бола ма деп сұрадыңыз. Қазақстанда харассмент туралы құқықтық-нормативтік актілер болмағандықтан, ондайлар нақты харассментке байланысты деп кесіп айта алмаймын. Бірақ Қазақстанда қазір даулы істерді медиациялық реттеу өте жиі қолданылады.

Яғни кез келген істі, мейлі ол әкімшілік я азаматтық істер болсын, сотқа дейін жеткізбей, тараптастарды татуластырып, мәмілеге келтіру әдістері елде кең қолданылып жатқанын көреміз. Бірақ, негізі құқықтық классификация бойынша, әйелге қарсы гендерлік зорлық-зомбылық жасалған кезде достастыру, бітімгершілік әдістері қолданылмауы керек.

– Қазақстанда харассментке қатысты шағымдар қаншалықты жиі айтылады?

– Өте көп, тіпті әлемдік зерттеу бойынша, әйелдерге қарсы жасалған харассмент кейстерінің 10 пайызы ғана сотқа дейін жетеді деген өте қорқынышты статистика бар. Қалған 70-80-90 пайызы әр мемлекетте әрқалай – достасумен, бітімге келумен аяқталады. Бұл жерде "достасу" деген сөзді қолданғым келмейді. Жәбірленген тарапты көндіру, қорқыту, мәжбүрлеу, шарасыз күйде қалдыру деп айтар едім.

Әйелге жасалған екінші қысым – осындай жайтты жариялағаннан кейін оны арызынан бас тартуға, қайтарып алуға мәжбүрлеу. Оны көндірудің әдіс-амалы әртүрлі болуы мүмкін: эмоциялық сипаттағы қысым, бопсалау, "ертең жұмыссыз қаласың, жақындарыңа қысым жасаймыз, масқара боласың" деген, т.т. Яғни эмоциялық тұрғыда әйелге қысым жасаудың әдіс-амалы өте көп. Мен жаңағы "кешірім сұрау" видеосынан байқағаным, ол ерікті түрде болған әрекет емес, мәжбүрлеудің нәтижесі екені көрініп тұр деп ойлаймын, оған психологтар да, заңгерлер де сараптама жасай жатар.

– Қазақстанда кейде харассмент фактілері Қылмыстық кодекстің 123-бабы (жыныстық қатынас жасауға немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету) бойынша қаралып жатады. Сізге кейінгі жылдардың статистикасы белгілі ме? Неше іс қозғалып, қаншасы сотқа жетті, неше адам жауапқа тартылды харассмент фактісі бойынша?

– 123-бапты, харассменттің толық мәнін ашпағаннан кейін, Қылмыстық кодекстегі "өлі баптардың" біріне жатқызамыз. Яғни ондай әрекет іс жүзінде жасалғанымен, тергеу-анықтау кезінде оны дәлелдеу және сотқа жеткізу өте қиын. Мысалы, кейінгі 20 жылда Қазақстанда 123-бап бойынша сотқа дейін жеткен істердің саны 100-ден аспайды.

– Негізгі мәселе ондай әрекетті дәлелдеуге қатысты ма?

– Дәлелдеу процесіне дейін, тіпті тергеу-анықтау кезінде әйелді өзі жазған талап-арызды қайтарып алуға мәжбүрлейді. Құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық тараптан: жақындары, туыстары, әріптестері, т.б. әйелге қысым жасалады. 123-бап жұмыс істейді, заңда бар, бірақ іс жүзінде ешқандай мәселені шешім отырған жоқ.

– Неше адам осы бап бойынша жауапқа тартылған, деректер бар ма?

– Біз зерттеу жүргізгенбіз, 1997-2023 жылдар аралығында осы бап бойынша сотқа дейін жеткен істердің саны 100-ге жетпейді. Және олардың бәрі бірдей харассмент сипатында емес.

2023 жылдың қараша айында Салтанат Нүкенованың ісінен кейін, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінен Қылмыстық кодекске қайтарудан кейін қоғамда көтерілген келесі бір мәселе – харассментті қылмыс деп тану жайлы болды.

Және сол кездегі адам құқығы бойынша уәкіл – омбудсмен бұл мәселені зерттейміз деп уәде берген еді. Содан бері өткен екі жылда, өкінішке қарай, харассмент ұғымын тарылта келе, Қылмыстық кодекске, я Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне емес, тек Еңбек кодексіне енгізбекші болып отырғанын көріп отырмыз. Харрасмент ұғымын қоғамның түрлі саласында емес, өте тар ауқымда енгізіп, алдымен осы еңбек саласынан бастап көрейік, кейін әкімшілік заңда, сосын қажет болып жатса, Қылмыстық кодекске енгіземіз ғой деп отыр. Әрине, біз бұл қалағандай емес, бірақ кейде осыған қанағаттануға мәжбүрміз.

Мысалы, көрші Қырғызстанда былтыр халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы харассментке қатысты халықаралық конвенциясын ратификациялады, яғни оларда халықаралық анықтамаға сәйкес келеді.

Ал Қазақстанда өте кең ауқымда анықтама берілген, ол заңгерлер арасында да ол өте даулы ұғым болды. Және еңбек саласындағы харассментті дәлелдеуді анықтауды жапа шегуші тарапқа жүктеп қояды, яғни ол өзі дәлелдеуі керек болады. Бұл құжат жобасы қазір үкіметте, келер жылы парламентке ұсынылады деп жоспарланған.

Егер Мәжіліс қабылдап жатса, ол Еңбек кодексіне харассмент туралы бір бап қана енуі мүмкін. Бірақ ол екіжақты еңбек шарты бар жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты қарастырады. Ал харассменттің басқа түрлері, мысалы, қоғамдық орында, қоғамдық көлікте, университетте, т.т. жасалатын іс-әрекеттерге бұл бап қолданылмайды.

– Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында харассментке қатысты алған қандай міндеттемелері бар?

– БҰҰ Қазақстандағы әйелге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою бойынша (Қазақстан 1998 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылған – ред.) төрт жылда бір рет баяндама жасап отырады.

Халықаралық ұйым Қазақстан әйелдерге жасалатын гендерлік зорлық-зомбылықты, соның ішінде харассментті жоюға бағытталған құқықтық нормативтерді шұғыл түрде заңға енгізсін деген ұсынысты 2018 жылы айтқан болатын. Бірақ содан бергі өткен уақытта Қазақстан оны халықаралық ұйым талап еткен, біз қалаған деңгейде емес, өте тар ұғымда қарастырғалы жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG